“Елбасының әлеуметтік бастамалары мен жаңғыру реформалары ЕҚЫҰ Экономика және экология форумы үрдісі шеңберінде танытылды”.

Ү.ж. 24 мамырда Венецияда жұмысын бастаған «ЕҚЫҰ аумағында инновация, адам капиталы және жақсы басқару арқылы экономикалық даму мен қауіпсіздікті нығайту» тақырыбына арналған 26-шы ЕҚЫҰ Экономика және экология форумының Екінші дайындық жиналысы барысында Елбасының әлеуметтік бастамалары мен жаңғыру реформалары танытылды.

Іс-шараның ашылуында Италия 2018 ЕҚЫҰ Төрағалығының үйлестірушісі Виничио Мати қазіргі саяси ахуалды назарға ала отыра ЕҚЫҰ-ның экономика және экология өлшеміндегі ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты ЕҚЫҰ төрағалығы екінші дайындық жиналысын инновация, адам капиталы және жақсы басқару мәселелеріне арнағанын айтты.
ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы өкілі Паула Северино экономиканың цифрландырылуы жаңа мүмкіндіктер туғызатынын және бұл орайда сыбайлас жемқорлықпен күрес халықаралық методологиясын жетілдірудің қажеттілігіне тоқталды.
Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің Бас хатшысы Энзо Куаттрочиоче жақсы басқаруды ілгерілету және бизнес ахуалын жақсарту мақсатында дамушы елдерге Инвестиция кеңестері мен Бизнес омбудсмен институттарын құру арқылы қолғабыс көрсететінін айтты.
ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай адам капиталын дамыту бойынша Қазақстан тәжірибесімен таныстырды және «Болашақ» бағдарламасы туралы ақпарат ұсынды. Сондай-ақ, инновация, адам капиталы және жақсы басқаруды қамтитын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларындағы басымдықтарына және Елбасының бес әлеуметтік бастамасына назар аударды.
Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев ашықтық пен халық алдында жауапкершілік және нәтижеге бағдарлану арқылы жақсы басқаруды дамытудың облыс деңгейіндегі тәжірибесімен бөлісті.
Екінші дайындық жиналысының сессиялары барысында үкімет, жеке сектор, азаматтық қоғам өкілдерімен қатар халықаралық сарапшылар адам капиталы, цифрлық экономика мен білім, инновация, жақсы басқару, әлеуметтік теңдікке байланысты мәселелерді талқылады.
Форумның қорытынды жиналысы ү.ж. 5-8 қыркүйекте Прагада өтеді. Осы іспеттес екінші дайындық жиналысы 2017 жылы маусым айында Астана ЭКСПО шеңберінде өткенін еске саламыз.