Венада Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының 27-ші сессиясы өтті

2018 жылы 14-18 мамыр кезеңінде Вена қаласында БҰҰ Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының (ҚАҚСТК) 27-ші сессиясы өтті.
Комиссияның жұмысына ҚР Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай басқарған қазақстандық делегация қатысты. Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілдері де кірді.

Сессия барысында БҰҰ мүше мемлекеттері мен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қылмыстың алдын алу және сот төрелігі саласындағы күш жігерді үйлестіру, БҰҰ Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясы мен оның проктолдарын және терроризммен және киберқылмыспен күрес саласына қатысты басқа да халықаралық құжаттарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сессия аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Норвегия Премьер-министрі Эрна Солберг және Аустрия Сыртқы істер министрі Карин Кнайсльдің қатысуымен арнайы сегмент өткізілді.
Өзінің баяндамасында БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриш БҰҰ басымдықтарын атап өтіп, терроризммен, киберқылмыспен және басқа да жаһандық қауіп-қатерлермен күрестің маңыздылығын мәлімдеді. А.Гутерриш адам саудасымен күресті белсендетуге шақырып, бұл мәселеге қатысты үш резолюцияның, оның ішінде беларусь тарапының Қазақстан қолдаған қарары комиссияның қарауына шығарылғанын құптады.
Өз баяндамасында қазақ делегациясы қазақстандық құқық қорғау жүйесінің іс-әрекетін жетілдіру, қылмыстық процесстегі азаматтардың құқықтарын қорғау, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдету мәселесіндегі еліміздің жетістіктері, сондай-ақ бұл бағытта Президент Н.Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларға сәйкес орын алған заңнамалық реформалар туралы хабардар етті.
Комиссия шеңберінде Қазақстан Республикасы БҰҰ ЕҚБ-мен бірге арнайы іс-шараны өткізіп, оның барысында қатысушы қауым ҚР БП жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында құрылған Жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы өңірлік хаб іс-әрекетімен, оның ішінде Академияда жүзеге асырылып отырған «Зорлық-зомбылық экстремизмді болдыртпау үшін Орталық Азия мемлекеттерінің желісі» атты жобамен танысты.
БҰҰ Бас хатышысының орынбасары, БҰҰ-ның Вена қаласындағы офисінің Бас директоры, БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасының Атқарушы директоры Ю.Федотовпен өткізілген сұхбат барысында қазақстандық делегация әкімшілік өндірісте, қылмыстық процесстер мен құқық қорғау іс-әрекетінің басқа да саласында цифрландыру үдерісі жөніндегі озық тәжірибемен өңір елдерімен бөлісуге дайындығын білдірді.
Сондай-ақ, тараптар экстремизм мен терроризмге қарсы тұру, сондай-ақ сыбайлас-жемқорлақ, қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы, ақшаның ізін жасыру, адам саудасымен және т.б. күрес саласында ынтымақтастықты тереңдетуге әзірлігін білдірді.