Президенттің ядролық қарудан азат аймақтар арасында ынтымақтастық орнату туралы бастамасы Женевада үлкен қолдау тапты

2018 жылғы 3 мамырда Қазақстан Республикасының БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің жанындағы Тұрақты өкілдігі Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігімен және Вена қарусыздану және таратпау орталығымен бірлесе отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінің ғимаратында Ядролық қаруды таратпау шартының Шолу конференциясына Дайындық комитетінің 2-отырысы шеңберінде «Ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастық: тарих, сын-қатерлер және ұсыныстар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға қатысушыларға ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобы дайындаған құжат ұсынылды. Қазақстандық өкілдер Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың ядролық қарусыз аймақтарды құрайтын мемлекеттердің кездесуін өткізу бойынша бастамасын іске асыру мақсатында Жұмыс тобының қызметі мен осы құжаттың әзірлеуіне белсене қатысты. Осы құжатта қамтылған идеялар мен ұсыныстар ядролық қарудан азат аймақтарға қатысушылардың күш-жігерін біріктіру үдерісі үшін негіз бола алады, сондай-ақ Қазақстандағы ядролық қарудан азат аймақтардың кездесудің мазмұнын құра алады.
Іс-шараға жалпы саны 70 адамды құраған БҰҰ-ға мүше елдердің елшілері мен тұрақты өкілдері, Дайындық комитетінің екінші отырысына елдердің делегациялары, қарусыздану және таратпау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, академиялық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімшесінің және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова, Франкфурт ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы Бас директоры доктор Харальд Мюллер, танымал халықаралық сарапшы - ЯСЖТШҰ консультанты, АЭХА бас директорының бұрынғы арнайы кеңесшісі Тарик Рауф, Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры Әлімжан Ахметов сөз сөйледі. Дөңгелек үстелдің модераторы ретінде Джеймс Мартин атындағы Таратпау жөніндегі зерттеулер орталығының директоры доктор Уильям Поттер шақырылды.
Елші Жанар Айтжанова өз сөзінде ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы Қазақстанның рөлін атап өтіп, Семей сынақ полигонын жабу туралы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи шешімді, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні деп жариялау және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы бастамаларды мысал ретінде келтірді.
Қазақстан Республикасының БҰҰ Женевадағы бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі әлемде ядролық қарудан азат аймақтар құрудың маңыздылығын атап өтті және ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастық орнату ядролық таратпау және қарусыздану режимін нығайту бойынша олардың қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал ететінін мәлімдеді. Тұрақты өкіл Қазақстанның Астанада ядролық қарудан азат аймақтарға қатысушы мемлекеттердің жоғары деңгейдегі кездесуін ұйымдастыру үшін алаңды қамтамасыз етуге дайындығын тағы да растады.
Дөңгелек үстел барысында қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және ядролық қарусыз аймақтардың қызметі туралы ең өзекті мәселелер бойынша қызу және өзара мүдделі пікірталас өтті.
Қатысушылардың пікірінше, Дайындық комитеті барысында өткен пікірталастар ядролық қарусыз аймақтардың күш-жігерін біріктіру үдерісінің басталуына елеулі үлес қосты.