Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясына қатысты

  • 1_03_05_2018
  • 2_03_05_2018
  • 3_03_05_2018
  • 4_03_05_2018
  • 5_03_05_2018
  • 6_03_05_2018
  • 7_03_05_2018
  • 8_03_05_2018

Астана қаласы, Бейбітшілік және келісім сарайы

Сессияның күн тәртібіндегі негізгі мәселе «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп аталды. Жиынға елдің барлық өңірінен келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, шығармашылық және академиялық зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері қатысты.
Сессияны ашқан Мемлекет басшысы Қазақстан халқының Ассамблеясы еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты кепілі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктелді. Мен наурыз айында әлеуметтік жаңғыру жолындағы «Президенттің бес бастамасын» ұсындым. Оның табысты жүзеге асуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді бір-біріне сенімін арттырады, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті әлеуметтік бірлік саясаты біртұтас ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып саналатынын айтты.
– Біз сыртқы жағдайларға қарамастан, бес жаңа жобаны жүзеге асыруды бастадық. Бұл қаржымыздың және ресурстарымыздың көптігіне байланысты болып отырған жоқ. Керісінше, қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға тың серпін беруді көздеген шынайы ниетімізге байланысты іске асуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асырудың негізгі үш факторына тоқталып, еліміздің әлеуметтік саясатының басты ерекшеліктерін атап өтті.
Елбасы Қазақстан қоғамының бірлігін одан әрі нығайту қажеттігіне айрықша тоқталды.
– ХХІ ғасыр әлеуметтік, экологиялық, техногендік сияқты жаһандық қауіп-қатерлер ешқайда жойылып кетпейтінін көрсетіп отыр. Әркім өз болашағына өзі жауап беретін өзгеше кезең келе жатыр, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың үш қағидатын атап өтті.
Мемлекет басшысы «Бес бастама» қазіргі Қазақстанның ең маңызды бес әлеуметтік проблемасын шешуге бағытталғанын айтты.
Елбасы әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін жұмсалатын қаражат Қазақстан қоғамының болашағына арналған тікелей инвестиция болып саналатынын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясына бірқатар жаңа міндеттер жүктеді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев халықтың бірлігін жаңарған Қазақстанды өркендетудің басты шарты деп атап, ел тұрғындарын алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Сессия барысында  Виталий Ионо Тварионас пен Исламбек Төлеубайұлы Салжанов Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
Сессия соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі қабылданды. Онда Ассамблея Қазақстан халқын әлеуметтік мемлекеттің және ұлттық әл-ауқатты арттырудың жаңа моделін бірге құруға шақырды.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқи аласыздар: