Айзенштадтағы «Алатау» фольклорлық ансамблінің концерті туралы

Ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Бургенланд аустриялық федералдық аумағының астанасы – Айзенштадта, дүние жүзіне танымал композитор Йозеф Гайдн өзінің музыкалық шығармаларын туғызған атақты «Эстерхази» сарайында, 2015 жылдан бері қазақстандық мәдениетті Аустрияда және Еуропаның өзге елдерінде кеңінен насихаттау мақсатында, ҚР-ның Елшілігі жүзеге асырып келе жатқан «Қазақстанның інжу-маржаны – Ұлы Даланың әуендері» атты жобаның шеңберінде Алматы мемлекеттік филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблінің концерті болып өтті.


Айзенштадтағы концерт Наурыз мейрамына және Қазақстанның Елордасы – Астананың 20 жылдығына арналды. Меймандардың қатарында Бургенланд федералдық аумағының саяси және іскер топтарының, дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының, студенттік қауымдастықтың өкілдері болды. Концерт ҚР-ның Штирия және Бургенландтағы құрметті консулы д-р Г. Небельдің демеушілік қолдауымен ұйымдастырылды.
Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Қайрат Сарыбай құттықтау сөзінде жаңа жылдың, көктем мен жаңарудың белгісі болып саналатын Наурыз мейрамы, сондай-ақ Қазақстан астанасының алдағы 20 жылдығын тойлау, тәуелсіздік жылдарындағы оның шапшаң өсуі, бірқатар халықаралық форумдар үшін диалог алаңы ретіндегі әлемдік маңызы туралы әңгімеледі. Есте қаларлық оқиғалардың бірі саяси және іскерлік деңгейде Аустрияның көптеген өкілдері белсене қатысқан ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу болғаны анық. Осы диалогты одан әрі жалғастыру мақсатында аустриялық қонақтар Астананың 20 жылдығы шеңберінде жоспарланған «Аустриялық технологиялар орнықты даму қызметінде» деген тақырыптағы Форумға шақырылды. Мұндай Форум энергетика, құрылыс, көлік, қала инфрақұрылымы және т.б. салалардағы алдыңғы қатарлы технологияларды таныстыруға өте жақсы мүмкіндік болып табылады.
Концертке қатысқан қонақтар Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Қайырғазы Төлен жетекшілік ететін «Алатау» фольклорлық ансамблінің өнерін жылы қабылдады. Ансамбльдің репертуары өңделген халық әндерімен, күйлерімен, әуендерімен үнемі толығып отырады. Ұжымның бірегей шығармашылық қолтаңбасы халық дәстүрінің классикамен және қазіргі заманмен шебер үйлесім тапқанын көрсетеді. Концерттік бағдарламада қазақстандық және еуропалық авторлардың шығармалары орындалды.
Жиналған жұрт қазақстандық әртістердің шеберлігін лайықты бағалап, оларға гүл табыстап, дуылдатып қол соғып, жылы лебіздерін жеткізді.

ҚР-ның Аустриядағы Елшілігі