Цифрландыру дәуірінде ауыл әйелдерінің экономикалық қатысу тұрғысынан мүмкіндіктері мен тосқауылдары» тақырыбына арналған елшілердің бейресми кездесуі туралы.

Ү.ж. 6 наурызда Венада Қазақстан Елшілігінде ЕҚЫҰ Гендер секциясы мен Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында «Цифрландыру дәуірінде ауыл әйелдерінің экономикалық қатысу тұрғысынан мүмкіндіктері мен тосқауылдары» тақырыбына арналған елшілер кездесуі ұйымдастырылды.

ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай іс-шараның ашылуында Қазақстынның 2017 жылы комитетке төрағалығы барысында гендер мәселелерін қамтитын ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ЕҚЫҰ аумағында экономикалық қатысу туралы министрлер кеңесінің шешімі қабылданғанына назар аударды. Сонымен бірге, 2018 жылы тамызда әйелдер мен жастар мәселесіне арналған комитеттің отырысы өтетінін хабарлады.
ЕҚЫҰ Гендер мәселелері бойынша бас кеңесшісі Амарсана Дарисурен Қазақстанның екінші комитет шеңберінде гендер мәселесіне үнемі назар аударатынына және бүгінгі маңызды іс-шараға ұйытқы болғанына алғысын білдірді, сондай-ақ қазіргі таңда ауыл әйелдерінің жағдайына аз назар аударылатынын жеткізді.
Ғалым әрі гендер маманы Мария Хартл өз баяндамасында ауылды жерлердегі әйелдердің жаңа технологияларды қолдануы жұмыс мүмкіндіктерін арттыратынын және ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың өз өнімдерін сату барысында тұтынушымен тікелей байланыста болуға мүмкіндік беретінін айтты. БҰҰ бағдарламалары шеңберінде дамушы елдерде ауыл әйелдеріне өз әлеуетін толық қолдану мақсатында ұйымдастырылатын тренингтердің маңыздылығын айтты.
Іс-шараға спикер ретінде қатысқан Еуропа Даму және Реконструкция Банкінің (ЕДРБ) Гендер мәселесі бойынша кеңесшісі Филип Мартин Қазақстанның гендер саясатына және Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің гендерлік мәселелер бойынша жұмысына жоғары баға берді. Қазақстан мен ЕДРБ арасында арта түскен ынтымақтастықты басқа елдерге үлгі тұтты. ЭКСПО-ның 166 жылдық тарихында тек былтыр Астанада өткен ЭКСПО шеңберінде тұңғыш рет гендер мәселесіне арналған арнайы іс-шара өткенін хабарлады.
Кездесу барысында ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің өкілдері гендер тақырыбына байланысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және аталған салада өз елдерінің тәжірибелерімен бөлісті.