Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Елшісі Қайрат Сарыбай аустриялық Зальцбург федералдық жеріне сапармен барды

Ү.ж. 1 наурызда Зальцбург қаласындағы әйгілі «Kavalierhaus» қабылдау үйінде «Барлық ұлттар кеші» фестивалі өтіп, Қазақстан бұл іс-шараның серіктес елі ретінде қатысты. Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшісі Қайрат Сарыбай Зальцбург туризм мектебінің халықаралық курс тыңдаушыларының және фестиваль қонақтарының алдында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бағдарламалық нұсқауларына сәйкес еліміздің туристік әлеуеті мен үкімет тарапынан қолға алынған туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шаралар жөнінде таныстырып өтті.

Өз кезегінде Зальцбург туризм мектебінің меңгерушісі Леонард Вёрнд туристік индустрияда жоғары білікті мамандарды даярлау үшін қажетті жағдай жасау мақсатында Қазақстанмен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға дайын екендігін білдірді.
Зальцбург туризм мектебі туризм индустриясы мен қонақ үй бизнесі үшін кадрларды дайындау саласында ең көне мамандандырылған аустриялық университет болып табылады. Сонымен қатар, Азия мен Африканың білім беру мекемелерін құру тәжірибесі бар және жыл сайын 30 дамушы елдерден келген студенттерге арналған тренинг өткізеді. Тыңдаущылардың арасында Қазақстанның өкілі, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жобасының қатысушысы, танымал саяхатшы - экстремал Мағжан Сағымбаев бар.
Серіктес ел ретінде Қазақстанның атынан фестиваль қонақтарының назарына 2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Елшілігі Аустрия және басқа да Еуропа елдеріне қазақ мәдениетін танымал ету мақсатында жүзеге асырып жатқан «Қазақстан інжулері – Ұлы Дала сарыны» атты жобасы аясында концерт ұсынылды.
Фестиваль қонақтарының алдында Берлин оркестрінің камералық музыка ансамблінің скрипкашысы Лейла Ахметова және Вена музыкалық және орындаушылық өнер университетінің студенті Аида Ахметова өз өнерлерін көрсетті. Бағдарламаға заманауи қазақстандық және еуропалық авторлардың туындылары кірді.
Қазақстан мен Зальцбург туризм мектебінің серіктестігі құрметті консул К.Праммердің көмегімен ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ол «Қазақстан інжулері – Ұлы Дала сарыны» атты концертіне демеушілік көмек көрсетті.