ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясы туралы

Вена, 2018 жылғы 22-23 ақпан. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Дархан Кәлетаев бастаған ҚР Парламентінің делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясына қатысты. Делегация мүшелері – сенаторлар Дулат Құсдәулетов, Михаил Бортник, Төлеубек Мұқашев және Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен Ассамблеяның Саяси мәселелер және қауіпсіздік, Экономикалық істер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта, Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер жөніндегі жалпы комитеттерінің отырыстары аясындағы пікірсайыстарға белсенді түрде қатысты.

Саяси мәселелер және қауіпсіздік бойынша ортақ комитетінің отырысында Парламент делегациясының басшысы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және трансұлттық қауіп-қатерлермен күресуге бағытталған бастамаларының жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтті. Осы ретте, БҰҰ аясындағы Жаһандық контртеррористік желінің құрылуын және терроризмнен еркін бейбіт әлемге қол жету үшін әрекет кодексінің қабылдануын қолдауға шақырды.
Экономикалық істер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитеттің отырысы барысында ЕҚЫҰ Экономикалық және экологиялық комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай ЕҚЫҰ-ның екінші комитеті жұмысының негізгі бағыттарын парламентшілер назарына ұсынды. Пікірталастарға қатысқан сенатор М.Бортник экономикалық және экологиялық өлшемнің маңызды рөлін атап өтіп, ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі шеңберіндегі жұмысты қарқындату арқылы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігіне назар аударды. Осы орайда ол ЕҚЫҰ экономикалық және экологиялық комитетіндегі қазақстандық төрағалықтың рөлін жоғары бағалап, аталмыш өлшемдегі ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы италиялық төрағалығының басымдықтарына қолдау білдірді.
Ассамблея отырысы алаңында ҚР парламенттік делегациясының басшысы ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Георгий Церетелимен екіжақты кездесу өткізіп, Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, оның ішінде жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл және интеграциялық бірлестіктер арасындағы өзара іс-әрекет мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан-Грузия екіжақты қарым-қатынастарын талқылады. Оған қоса, ЕҚЫҰ аймағында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі дінаралық диалогтың маңыздылығы, оның ішінде Астанада өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі аталып өтті.
Қазақстандық делегацияның сапары шеңберінде Аустрия Республикасы Парламенті Ұлттық кеңесінің Халықаралық істер комитетінің басшылығымен екіжақты кездесу де ұйымдастырылды. Кездесу барысында қазақстандық парламентшілер аустриялық әріптестерін еліміздегі ішкі саяси жағдай және елдің одан әрі даму бағдарламалары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, конституциялық реформа және Елбасы Н.Назарбаевтың бағдарламалық құжаттары – «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларына ерекше назар аударылды. Аустрия өкілдері Елбасының бастамаларының маңыздылығы мен өзектілігі туралы пікір білдірді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстанның негізгі сыртқы саяси бастамалары, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігі, ядролық қарусыздану және терроризмге қарсы күрес, өңірлік қақтығыстарды реттеуге қосқан Қазақстанның үлесі жан-жақты талқыланды.
Тараптар Қазақстан-Аустрия қатынастарын одан әрі дамыту жолдарын қызыға талқылады. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы озық тәжірибе мен заманауи технологияларға ие аустриялық компаниялардың Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне белсенді қатысуы олардың Қазақстандағы іс-әрекеті үшін жаңа мүмкіндіктер тудырғаны мәлімденді.
Сапар барысында сенатор Д.Кәлетаев Қазақстан велоспорт федерациясының президенті ретінде «Тур Аустрия» (ÖRF) атқарушы директоры Ф.Штайнбергермен кездесіп, велосипед спорты саласындағы ынтымақтастық және 2018 жылғы 7-14 шілде аралығында Аустрия аумағында өтетін 70-ші мерейтойлық көпкүндік веложарысына «Астана» велоқұрамасының қатысуы мәселелерін талқылады.