ҚР Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қ.Сарыбай ЕҚЫҰ қатысушы елдерінің тұрақты өкілдерін Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басымдықтару туралы таныстырды

Ү.ж. 18 қаңтарда ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің кезекті отырысы барысында Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қ.Сарыбай ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің тұрақты өкілдерін еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басымдықтары туралы таныстырып өтті.
Атап айтқанда, БҰҰ ҚК-дегі төрағалығы барысында Қазақстан Президент Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси үндеуінде айқындалған жеті басымдықты іске асыруды жалғастыратыны туралы айтылды.

Елші Қ.Сарыбай ү.ж. 18 қаңтарда Президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбында жоғары деңгейдегі брифинг өткені туралы хабардар етіп, іс-шара барысында жоғары деңгейлі өкілдер, оның ішінде БҰҰ Бас хатшысы А.Гуттериш баяндама жасағанын мәлімдеді. Қазақ дипломаты брифинг тақырыбы еліміз сыртқы саяси басымдықтарымен тікелей ұштасатынын атап өтті.
Орталық Азия елдері мен Ауғанстан сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өтетін «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбындағы министрлік пікірталастар Қазақстанның БҰҰ ҚК төрағалығы барысындағы басқа маңызды іс-шарасы болады.
Елші Қ.Сарыбай Елбасының терроризмге қарсы бастамаларын жүзеге асыру мақсатында ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерді Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов БҰҰ бас пәтерінде презентация жасаған «терроризмнен еркін бейбіт әлемге қол жету үшін әрекет кодексті» қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынды.
Қазақ дипломатының баяндамасына жауап ретінде бірсыпыра делегация өкілдері еліміздің БҰҰ ҚК-дегі төрағалығы мен Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарына қолдау білдірді. Атап айтқанда, Орталық Азияда ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Ауғанстанның өңірлік үдеріске қосылуы қажет деген пікір білдірілді.