Бүгін ҚР Президенттігіне 3 кандидаттың үгіт-насихат жұмыстары басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 26 наурыздан бастап, ҚР Президенттігіне 3 кандидат өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын бастайды.

Айта кетейік, еліміздің Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде «Нұр Отан» партиясы атынан Нұрсұлтан Назарбаевты, Қазақстанның коммунистік халық партиясы атынан Тұрғын Сыздықовты, кезектен тыс президенттік сайлауға өзін-өзі ұсынған Әбілғазы Құсайыновты тіркеген болатын. Олардың барлығы да ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссиясының емтиханын тапсырып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында талап етілетін барлық құжаттарды ОСК-ге өтізген. Сонымен қатар, 1 млн. 60 мың теңге көлеміндегі сайлау жарнасын да төледі.

ҚР Президенттігіне кандидат болып тіркелу үшін үміткерлер сайлаушылардың 93 мыңнан астам расталған қолын жинау керек болатын. Ең алдымен, Н.Назарбаев өз қолдаушыларының 560 523 расталған қолын жинады.

Ал кезектен тыс президенттік сайлауға өзін-өзі ұсынған Әбілғазы Құсайынов сайлаушылардың 132 152, Қазақстанның коммунистік халық партиясының атынан кезектен тыс президенттік сайлауға түсіп отырған Т.Сыздықов сайлаушылардың 98 384 расталған қолын жинаған.