ҚР ОСК дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті

26 наурызда ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің сайлауында дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті.

Бұл туралы ҚР ОСК баспасөз қызметі хабарлайды.

26 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12, 24 және 37-баптарына сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған ҚР Президентінің сайлауында дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін орталықтандырып дайындау туралы шешім қабылдап, сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті.

Сайлау бюллетеньдерінің саны, сайлаушылар тізімдеріне енгізілген сайлаушылардың жалпы санының бір пайызын қоса 9451057 дананы құрайды.

Сайлау бюллетендері облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына арнайы байланыспен 2015 жылғы 20 сәуірден кешіктірмей жеткізіледі. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары сайлау бюллетеньдерін 2015 жылғы 24 сәуірден кешіктірмей учаскелік сайлау комиссияларына жеткізуді және беруді қамтамасыз етулері қажет.