Орталық Азия Елшілерінің Аустрия Федералды жерлеріне сапары ЕО-ның Орталық Азия аймақтарымен ынтымақтастығына жаңа серпін берді

 

Вена қаласындағы Орталық Азия мемлекеттері Елшілерінің бірлескен кездесулері мен сапарлары жақсы дәстүрге айналып, аймақты біртұтас ұстаныммен ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл – Еуропа Одағындағы Аустрия төрағалығының ЕО-ның Орталық Азия стратегиясын дайындау басымдығының шеңберінде әсіресе маңызды. Осы орайда, 2018 жылдың 8-9 қараша аралығында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан Елшілерінің Аустрияның Зальцбург және Форарльберг Федералды жерлеріне жұмыс сапарлары өтті.
Өздеріңіз білетіндей, Аустрия, оның ішінде Зальцбург,туризм саласында әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Аустрияның осы саладағы тәжірибесі туризм саласын дамытуға үлкен назар аударып отырған Орталық Азия мемлекетерінің ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Осыған орай, 8 қарашада делегация мүшелері туризм және қонақ үй бизнесі саласында кадрларды даярлаудың аустриялық үлгісімен танысу мақсатында Зальцбург туризм мектебінде болды. Кездесу барысында аустрия тарапы аталған саладағы заманауи оқыту әдістерімен таныстырып, Орталық Азиядағы мамандандырылған жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату мүмкіндіктері талқыланды.

9 қарашада делегация мүшелері Аустрияның өнеркәсібі ең дамыған федералды жерлерінің бірі – Форарльбергке келді. Онда «Doppelmayr» (арқанды жолдар жүйесі), «Zumtobel» (жарықтандыру жүйесі), «Liebherr» (құрылыс техникасы, көтергіш крандар), «Bertsch Group» (қазандық және энергетикалық жабдықтар, ет өңдеу жабдықтары) сияқты танымал аустриялық өндірістік компанияларында болды. Сапардың негізгі мақсаты – Орталық Азия елдерінде заманауи технологияларды пайдалану үшін осы компаниялардың өндірістік қызметімен танысу. Атап айтқанда, аустриялық технологиялар мен ноу-хауды ҚР Президентінің «Төртінші Индустриялық революцияның жаңа даму мүмкіндіктері» және «Қазақстанның әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сүру сапасының артуы» жолдауларындағы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «100 нақты қадам» жалпыұлттық жоспары аясында елдің дамуын және жаңаруын жеделдету үшін кеңінен қолданылуы мүмкін.
Өз елдерінің аймақтық экономикалық мүмкіндіктерін таныстыру үшін Орталық Азия өкілдерінің жыл сайынғы Федералды жерде өтетін экспорт күніне қатысуын қоса алғанда, экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері мен бағыттары Форарльберг Экономикалық палатасының басшылығымен кездесуде кең ауқымда талқыланды.
Өткен кездесулер барысында Аустрияның ЕО-дағы төрағалығының шеңберінде Еуроодақтың Орталық Азия мемлекеттеріне арналған стратегиясын жаңартудың маңыздылығы атап өтілді. 2019 жылдың жазына дейін қабылдануы жоспарланған стратегия Еуроодақтың Орталық Азия аймағымен саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты бекітіп, аймақтағы тұрақтылық пен тұрақты дамуды нығайту мақсатындағы қарым-қатынастардың дамуына жаңа серпін бермек.
Сапар Орталық Азия елдерінің дипломатиялық миссияларының басшыларына Аустрияның федералды жерлерінің әлеуеті мен озық технологияларының мүмкіндіктерімен танысуға, сондай-ақ, нақты жобалар шеңберіндегі алдағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді.  

Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшілігі