Вена-Братислава ЕҚЫҰ вело саяхаты ЕҚЫҰ аумағындағы өзара байланыстықты насихаттауға үлес қосты

ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер өзара байланыстық пен ынтымақтастық рухын нығайту мақсатында шығармашылық жолды таңдады: спорт және салауатты өмірді қолдай келе, Венадан Словакияның астанасы Братиславаға дейін дипломатиялық вело саяхат ұйымдастырды.

Вена қаласындағы Қазақстан Республикасының Халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай вело саяхаттың басында бұл бастама ЕҚЫҰ-ның болашақ төрағасына ынтымақтастық пен өзара түсіністікті сипаттайтын Вена рухын жеткізу ойымен ұштасатынын атап өтті.
Сонымен бірге, қазақстандық дипломат ЕҚЫҰ форматында осындай алғашқы шараның өткізілуі өзара байланыстықты нығайтуға бағытталған, бұл өз кезегінде өңірлік және жаһандық деңгейде сенім, қауіпсіздік пен өзара әрекеттестікті нығайтуға көмектесетініне назар аударды.
Словакияның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Радомир Боғач және Братислава қаласы әкімінің орынбасары Микулаш Криппэль Дунай өзенінің бойындағы вело саяхат символдық тұрғыдан ерекше болғанын мәлімдеді: «Дунай бірқатар Еуропа елдері мен халықтарын байланыстырады, сол сияқты ЕҚЫҰ-да ынтымақтастықты тереңдету және аймақтағы қазіргі қиындықтарды шешу үшін бірлескен күш-жігерді жұмылдыру мақсатында мүше мемлекеттерді саяси форматта біріктіреді».
Бұл іс-шараны Қазақстан делегациясы ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта комитетіндегі төрағалығы шеңберінде ЕҚЫҰ Италия төрағалығы және болашақ Словакия төрағалығымен бірлесе ұйымдастырды. Вело саяхатқа ЕҚЫҰ-да аккредиттелген елшілер мен тұрақты өкілдер, дипломатиялық миссиялар мен ЕҚЫҰ Хатшылығының өкілдері қатысты.
Дипломатиялық вело саяхат ЕҚЫҰ-ның ең жақын екі астанасы Вена мен Братиславаны байланыстыратын бірегей спорттық оқиға болды.