«Энергетика министрі Қ.Бозымбаев ядролық қаруды таратпау және атомды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ҚР жетістіктері туралы АЭХА-да сөз сөйледі»

Өз баяндамасында Қазақстан делегациясының басшысы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі жаһандық бастамаларға назар аударып, сондай-ақ ҚР мен АЭХА арасындағы ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастығының ахуалы және перспективалары туралы хабардар етті.

2018 жылғы 17 қыркүйекте Вена қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) Бас конференциясының 62-сессиясы басталды.
Бас конференциясының жұмысына ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация қатысып отыр. Оның құрамына ҚР Энергетика, Сыртқы істер министрліктері, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ және Ұлттық ядролық орталығы кірді.
Сессия шеңберінде қазақстандық тарапы АЭХА-нің мақсаттарын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөліне арналған сайд-ивент ұйымдастырды. Іс-шараға Ұйымның мүше-мемлекеттері делегацияларының басшылары қатысып, ядролық қаруды таратпау, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.
Сонымен қатар, Қазақстан делегациясының басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика және өнеркәсіп министрі, Сауд Арабия Королі Абдалла атындағы Атом және жаңартылатын энергиясы жөніндегі Академиялық қалашықтың Президенті, Қытайдың Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы, Үндістанның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясының төрағасы, Украинаның Энергетика және көмір өнеркәсібі министрінің Бірінші орынбасары және «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясының Бас директорымен екіжақты кездесулер өткізді.
АЭХА Бас конференциясының жұмысы 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы іс-шара барысында 140 астам мүше мемлекет делегациялары АЭХА жыл сайынғы және физикалық ядролық қауіпсіздік баяндамаларын, сондай-ақ, Агенттіктің есебін, бағдарламасын және бюджетін қарастырады. Бас конференцияның шеңберінде қатысушылар ядролық энергетиканың келешек дамуы, ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың күшеюі, ядролық энергияны, ядролық технологияны бейбіт мақсатта пайдалану және қолдану, техникалық ынтымақтастығын, кепілдіктердің тиімділігін және әсерін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударады.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік 1957 жылда құрылды. Қазақстан Республикасы 1994 жылғы 14 ақпанда АЭХА 121-ші мүше мемлекет мәртебесіне ие болды.