Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Кылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі конгресін 2025 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (бұдан әрі-Агенттік) мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (бұдан әрі-БҰҰ ЕҚБ) арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері ү.ж. 3 қыркүйегінде Вена қаласында өткен Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов пен БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстар департаментінің басшысы Дмитрий Влассис арасындағы екі жақты кездесудің басты тақырыбы болды.

Д.Влассис Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жоғары бағалап, қазақстандық тәжірибені басқа елдерге тарату керек екендігін атап өтті. «Біз Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы көшбасшылыққа ризашылығымызды білдіреміз», - деді Д. Влассис.
Қол жеткізілген жетістіктерді ескере отырып, бес жылда бір рет өткізілетін ең ірі тақырыптық халықаралық форумы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Кылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі конгресін 2025 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.
Бұл кездесу Агенттік өкілдерінің БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын жүзеге асыру бойынша шараларға қатысу аясында өткізілді.