Инсбрук қаласында Қазақстан Құрметті консулдығының ашылуы туралы

Ү.ж. 12 қарашада Инсбрук қаласында Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Тироль федералды жерінде қызмет көрсететін Құрметті консулдығы ашылды. Ашылу салтанатына жергілікті үкімет мүшелері, өңірдің іскерлері, мәдениет қайраткерлері, консулдар мен БАҚ өкілдеріқатысты.

Іс-шара қарсаңында «Tiroler Tageszeitung» газетінде «Stützpunkt für Kasachstan in Tirol» (Тирольдағы Қазақстан бекеті) атты жарық көрген мақалада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саяси бағдарламаларының арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған 30 мемлекеттердің қатарына кіруді көздегенін және бұл мақсатқа жоғарғы білімді жас ұрпақ, жеткілікті экономикалық әлеует пен күшті саяси жігер іспеттес негізгі үш элемент арқылы жетуге еліміздің толық мүмкіншіліктері бар болғаны туралы айтылған. Мақалада Аустрияның жаңармалы энергия, биомасса мен сандық форматтағы технологияларды енгізу тәжірибелеріне назар аударылып, Тирольмен спорт және туризм саласында байланыс орнатудың өзектілігі аталып өтілді. Осыған байланысты Инсбрук қаласында ашылған Құрметті консулдықтың маңызы орасан зор.
Қазақстан Елшісі Қ.Сарыбай Құрметті консулдықтың ашылу салтанатында, Тирольдің дәстүрлі қонақжайлылығы,туристік қызмет көрсету деңгейі мен заманауи жасыл технологияларының ерекшелігіне тоқталып, қатысушыларға еліміздегі үшінші жаңғыру мен рухани жаңғыру бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыс туралы мағлұмат берді. Өз баяндамасында Елші екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарына биыл 25 жыл толғанына назар аударды және қол жеткізілген жетістіктер туралы айтып өтті. Сонымен бірге, Астана ЭКСПО-2017 көрмесінде үш бірдей аустриялық компанияларының озық тәжірибелерімен бөлісуіне орай, Каринтия, Тироль, Штирия, Форарльберг және Зальцбург федералды жерлерінен арнайы делегациялардың көрмеге қатысуы мен Қазақстан-Аустрия іскерлік кеңесі отырысының ұйымдастырылуына ризашылық білдіре отыра, Қазақстанның Аустриядағы құрметті консулдарының қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті. Осы орайда, Елші жаңа Құрметті консулға сәттілік тілей отырып, Г.Буртшерге консулдық патент пен Қазақстан Республикасының туын табыс етті.
Тироль Парламентінің Президенті Г.Ван Штаа Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылуымен құттықтады және Президент Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында еліміздің соңғы жылдары экономикалық және саяси салада қол жеткізген үлкен жетістіктеріне өзінің таңдануын жеткізді. Сондықтан, Тирольда Қазақстан құрметті консулдығының ашылуы тирольдықтар үшін үлкен құрмет болғанын әрі екі ел арасындағы қарым-қатынастарды күшейетініне сенім білдірді.
«Тироль және Форарльберг Банкі» АҚ басқарма төрағасы және Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Г.Буртшер өзіне көрсетілген жоғары сенімге алғысын білдіре отырып, екі елдің арасында достық қарым-қатынастарды нығайтуға барлық күш-жігерін салатынын жеткізді.
Алқалы жиынға қатысқан, штаб-пәтері Инсбрук қаласында орналасқан жетімдерге қамқор «SOS Kinderdorf» халықаралық бейүкімет ұйымының басшысы К.Мозер, Қарағандыда ашылған католик шіркеуіне қоңырау өндіріп берген «Grassmayr» компаниясының иесі К.Гроссмайр, Астана ЭКСПО кешенінің құрылысында өнімі қолданған «Tiroler Rohre GmbH» фирмасының жетекшісі М.Клогер Елшімен болған сұхбаттарында Қазақстан туралы өздерінің оң әсерін және жағымды пікірлерін білдірді.
Сонымен бірге, іс-шара қатысушыларына Қазақстан әлеуеті мен бүгінгі жағдайы туралы қысқа бейне фильм көрсетілді және Қазақстанның Аустриядағы Елшілігі тарапынан жүргізіп жатқан «Қазақ Інжулері – Ұлы Дала cарыны» жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Еуропадағы музыканттары Жанай Төленова, Татьяна Майер мен Елдар Сапараевтың әлемдік классикалық музыка мен қазақ композиторларының туындыларын орындауында концерт ұйымдастырылды.Құрметті консулдықтың салтанатты ашылуы қазақ ұлттық тағамдары ұсынылған қабылдаудың өткізілуімен мәресіне жетті.