Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі Бас конференциясының 61-сессиясы туралы

2017 жылғы 18 қыркүйекте Вена қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) Бас конференциясының 61-сессиясы басталды.
Бас конференциясының жұмысына ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация қатысып отыр. Оның құрамына ҚР Сыртқы істер, Энергетика министрліктері, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ, Ұлттық ядролық орталығы және т.б. мекемелердің өкілдері кірді.
Өз баяндамасында Қазақстан делегациясының басшысы ҚР Президенті Н.Назарбаев ү.ж. 29 тамызда Астанада өткен АЭХА Төмен байытылған уран банкінің ашылу рәсімінде ұсынған жаһандық бастамаларға назар аударып, конференция қатысушыларын еліміз ядролық таратпау режимін күшейтуге қосқан үлесі, сондай-ақ ҚР мен АЭХА арасындағы ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастығының ахуалы және перспективалары туралы хабардар етті.

ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев және АЭХА Бас директоры Ю.Амано Қазақстандағы АЭХА Төмен байытылған уран банкінің ғимаратын қолданысқа енгізу рәсіміне арналған фотокөрмені ашты. Қ.Бозымбаев АЭХА Бас директорына Банк ғимаратының макетін еліміз атынан сыйға тартты.
Іс-шара шеңберінде ҚР делегациясының басшысы АЭХА Бас директоры Ю.Амано, АҚШ Энергетика министрі Р.Перри, «Росатом» Бас директоры А.Лихачев, Украинаның Энергетика және көмір өндірісі министрі И.Насалик және Еуропа Одағы делегациясының басшысы Г.Томаспен кездесті.
Бас конференцияның өткізілу кезеңінде БҰҰ Венадағы бөлімшесінде «Қазатомпром» ҰАК» және АҚ Ұлттық ядролық орталығының еліміздің атом саласындағы жетістіктеріне арналған көрмесі ұйымдастырылды.
АЭХА Бас конференциясының жұмысы 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы іс-шара барысында 164 мүше мемлекет делегациялары АЭХА жыл сайынғы және физикалық ядролық қауіпсіздік баяндамаларын, сонымен қатар, Агенттіктің есебін, бағдарламасын және бюджетін қарастырады. Бас конференцияның шеңберінде қатысушылар ядролық энергетиканың келешек дамуы, ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың күшеюі, ядролық энергияны, ядролық технологияны бейбіт мақсатта пайдалану және қолдану, техникалық ынтымақтастығын, кепілдіктердің тиімділігін және әсерін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударады.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік 1957 жылда құрылды. Қазақстан Республикасы 1994 жылғы 14 ақпанда АЭХА 121-ші мүше мемлекет мәртебесіне ие болды.