"Тұрақты даму, қауіпсіздік және тұрақтылық үшін экономиканы жасылдандыру" тақырыбына арналған 25-ші ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта форумына екінші дайындық жиналысы туралы

Ү.ж. 15-16 маусымда Назарбаев университетінде «Тұрақты даму, қауіпсіздік және тұрақтылық үшін экономиканы жасылдандыру» тақырыбына арналған 25-ші ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта форумына екінші дайындық жиналысы Астанада өтті. Іс-шараның басталуы ЭКСПО-ның Халықаралық ұйымдар плазасында ЕҚЫҰ стендінің ашылуымен орайластырылды.
Екінші дайындық жиналысының сессиялары барысында үкімет, жеке сектор, азаматтық қоғам өкілдерімен қатар халықаралық сарапшылар ресурс тиімдігін арттыру, экономиканы жасылдандыру, жаңармалы энергетика арқылы энергетикалық қауіпсіздікке үлес қосу, қоршаған орта тәуекелдерін азайту мен қоршаған орта саласында жақсы басқаруды жетілдіру мәселелерін талқылады.


ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өз баяндамасында Астана ЕҚЫҰ іс-шараларының маңызды мекен-жайына айналғанын атап өтті. Қазақстан ұйымның экономика және экологиялық комитетіне төрағалығы барысында комитеттің әлеуетін толықтай қолдануға үлес қосатынын мәлімдеді.
ЕҚЫҰ Аустрия төрағалығы екінші дайындық жиналысының ЭКСПО шеңберінде өткізілуінің маңыздылығына назар аударды. Аустрия төрағалығының екінші өлшемдегі басымдықтары ЭКСПО көрмесінің тақырыбымен тығыз байланысты болғаны аталып өтілді. Сонымен бірге, аустрия тарапы екі күндік пікір алмасулар төрағалықтың экономика-экологиялық өлшемдегі басымдықтарын талқылау үшін негіз құруға септігін тигізгенін жеткізді.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Кристина Муттонен Қазақстанның экономиканы диверсификациялау бойынша үлесін жоғары бағалады. Сонымен бірге, жасыл экономиканы дамытуда парламент мүшелерінің маңызды ролін атап өтті.
ҚР Энергетика министрінің орынбасары Ғани Сәдібеков Қазақстанның жасыл экономика саясаты бойынша ақпарат ұсынды және ЭКСПО инфрақұрылымы негізінде «Болашақ энергиясы» «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобаларды дамыту халықаралық орталығы құрылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Екінші дайындық жиналысының барысында жоғарыда баяндалған тақырыптардың негізінде өткен жұмыс топтарының отырысында ХХІ ғасырдағы жасыл экономика мен жаңармалы энергияның маңыздылығы туралы айтылды.
ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай іс-шараның қорытынды сессиясына төрағалығы барысында екінші дайындық жиналысының қатысушылары жасыл экономика мәселелеріне қатысты биыл ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлер кеңесінде арнайы шешім жобасы қабылдануына қолдау білдіргенін және ЭКСПО инфрақұрылымы негізінде құрылатын «Болашақ энергиясы» «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобаларды дамыту халықаралық орталығының жұмысына ЕҚЫҰ ауқымды үлес қоса алатынын атап өтті. Екінші дайындық жиналысы Астанада ұйымдастырылған ЕҚЫҰ мәдени жобасы шеңберінде Италия өнерпазы Луиза Селло мен Қазақ ұлттық өнер университетінің қойған концертімен мәресіне жетті.
Форумның алғашқы дайындық жиналысы ү.ж. 23-24 қаңтарда Венада өтті және Астанада ұйымдастырылған екінші дайындық жиналысының негізінде форум ү.ж. 6-8 қыркүйекте Прагада өтеді.