Грац қаласындағы концерт

Ү.ж. 20 сәуірде Грац қаласында (Штирия федералды жері) Villa Hartenau атты тарихи ғимаратта «Қазақстан Інжулері – Ұлы дала сарыны» жобасы аясында камералық концерт өтті.

Іс-шара Елшіліктің ұйымдастыруымен, сондай-ақ аустрияның Штирия және Бургенланд федералды жерлеріндегі Қазақстанның Құрметті консулы Г.Небель мырзаның қолдауымен өтті. Концерт Еуропадағы музыкалық оқу орындарында оқып жүрген қазақ дарындарының Аустрия өңірлерінде өнер көрсету сериясына жол ашты. Бұл концерттер Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына арналған.

 Мерекелік шараның ашылу барысында Аустриядағы ҚР консулы К.Қожамбердиев өзінің сөзінде елдеріміздің арасындағы екіжақты ынтымақтастық барлық бағытта жоғары деңгейде дамып келетінін атап өтіп, ҚР Грац қаласындағы Құрметті консулының белсенді іс-әрекетінің арқасында ҚР мен АР өңірлері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық деңгейін арттыру жолында қосқан үлесін жоғары бағалады. Атап айтқанда, 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы мен Штирия федералды жері арасындғы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Қазақ дипломаты тыңдаушыларға әртістерді таныстыра кетіп (апалы-сіңлілер Әлия және Әмина Мәшкеевтер, Жәнгір Жұбанов), олар танымал музыкалық әулеттерден шыққанын және дарынды орындауларының арқасында концерт қонақтары тағы да қазақтың бай мәдени дәстүрімен танысатынын атап өтті. 

Мерекеге Штирияның атқарушы органдарының, Аустрия және көрші Словения аймақтарында тіркелген консулдық корпустың, қазақ диаспорасының, студенттер, жергілікті қоғамдық-саяси және де БАҚ өкілдері қатысты. 

Көпшілік қазақ әртістерінің шеберлі өнерлерін жоғары бағалап, оларға ұзақ қол соғып, гүл сыйлады.