Қазақстан делегациясы БҰҰ Есірткі заттар комиссиясының 60-шы мерейтойлық сессиясына қатысқаны туралы

2017 жылғы 13 наурызда Вена қаласында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің Бірінші орынбасары Марат Демеуов бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Есірткі заттар комиссиясының (ЕЗК) 60-шы мерейтойлық сессиясына қатысты.

Сессия барысында әлемде есірткі мәселесімен күрес жөніндегі кешенді әрі теңдестірілген стратегияны жасау мақсатында қабылданған Саяси декларация мен Халықаралық ынтымақтастықты ретке келтіру іс-әрекет жоспары сияқты маңызды мәселелердің жүзеге асырылуы талқыланды.

 Пленарлық сессияда БҰҰ Бас хатышысының орынбасары, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Атқарушы директоры Юрий Федотов, сондай-ақ 50-ден астам делегаттар - есірткіні болдыртпау мәселесімен айналысатын мекеме басшылары мен сыртқы істер министрлері баяндама жасады. 

Өз баяндамасында М.Демеуов Қазақстан есірткіге қарсы күрес саласында ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейде жүзеге асырып отырған шараларға көңіл бөлді. 

М.Демеуов штаб-пәтері Алматыда орналасқан «Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы» өңірде есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес саласына айтарлықтай үлес қосып отырғанын айрықша атап өтті. 

Сонымен қатар, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі шеңберінде қауіпсіздікті нығайту мәселесіне аса көңіл бөлінетіні де айтылды. 

Қазақстандық делегация басшысы БҰҰ ЕҚБ және ШЫҰ Хатшылығы ұйымдастырған «Біріккен Ұлттар Ұйымы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы есірткіге қарсы күрес: ортақ қатер және бірлескен іс-қимылдар» атты сайд-ивентке қатысып, бұл іс-шара Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығы кезеңінде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін ЭСКПО-2017 көрмесі қарсаңында 2017 жылғы 8-9 маусымда Астана саммиті өткізілетінін мәлімдеді. 

Сапар аясында қазақстандық делегация Ю.Федотовпен кездесіп, оның барысында тараптар барлық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге дайындығын білдірді. Ю.Федотов Алматыда орналасқан Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының қызметіне жан-жақты қолдау көрсететініне сендірді.