ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің отырысы туралы

Ү.ж. 9 ақпанда ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің кезекті отырысында үш комитеттің - ЕҚЫҰ Қауіпсіздік, Экономика және қоршаған орта және Адами өлшем комитеттерінің төрағалары 2017 жылға арналған жұмыс бойынша баяндама жасады.

Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта комитетінің төрағасы ретінде қатысушыларды комитеттің жұмысы экономика және қоршаған орта өлшемнің конструктивті әлеуетін жүзеге асыруға және ортақ экономикалық аумақты орнатуға бағытталған тұрақты экономикалық өзара жалғастықты ілгерілетуге арналатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде Астана декларациясында белгіленгендей, Ванкувер мен Владивосток арасында қауіпсіздік қауымдастығын ілгерілету мәселесімен дәлме дәл келеді.

Отырыс барысында ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің делегациялары  комитет жұмысының басымдықтарына қолдау білдірді және экономика мен қоршаған орта мәселелеріне тең дәрежеде мән берілгенін атап өтті. Негізінен экономика мен қоршаған орта мәселелердің гендерлік және жастарға қатысты аспектілері, сыбайлас жемқорлықпен күрес, ЕҚЫҰ аумағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға бағытталған экономикалық серіктестікті құру мәселелері оң бағаланды.

ЕҚЫҰ-ның Экономика және қоршаған орта өлшемінде Қазақстан өзін белсенді мүше ретінде көрсете білді, сондай-ақ ЕҚЫҰ Аустрия төрағалығы барысында комитет жұмысында тұңғыш рет экономикалық және тұрақты даму арқылы радикализацияның алдын-алу тақырыптарын комитеттің жұмысына енгізді.

ЕҚЫҰ-ға мүше елдер қоршаған орта тәуекелдерін, энерготиімділікті арттыру және жақсы басқаруды ілгерілету мәселелерінің маңыздылығын ескере отыра, ү.ж. 15-16 маусымда Астанада өтетін ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта форумына арналған екінші дайындық жиналысы ЭКСПО-2017  «Болашақ энергиясы» атты халықаралық көрмемен бірлесе синергия құруға үлес қосатынын жеткізді.

ЕҚЫҰ-дағы делегациялар, экономика және қоршаған орта өлшемінің әлеуеті мен тұрақты экономикалық өзара жалғастықты ілгерілету арқылы, Еуропадағы қауіпсіздік дағдарысын реттеу бойынша үдеріске өз үлесін қоса алатынына қатысты ортақ пікірде болды.